Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Рамазан, олимпиада мен фонограммаға тыйым: Ақпанда Қазақстанда не өзгереді?

Рамазан, олимпиада мен фонограммаға тыйым: Ақпанда Қазақстанда не өзгереді?

Әнді фонограммамен айтатын әншілер ол туралы міндетті түрде ескертуге тиіс

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

2026 жылдың ақпанында балалар қауіпсіздігінен бастап, шоу-бизнес пен азаматтық алу мәселелеріне дейін заңнамадағы жаңа талаптар күшіне енді, деп хабарлайды QazMonitor.

1 ақпаннан бастап балалардың құқығын қорғау саласында бақылау күшейтілді. Енді мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мектептер, балабақшалар мен сауықтыру лагерлеріне құзырлы органдар ескертусіз, кенеттен тексеріс жүргізе алады.

Бұл тамақтандыру сапасы, жатын орындардың жағдайы, білім беру және тәрбие процесін тексеру үшін жасалады. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бұл шара бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін факторларды жоюға бағытталған.

Сонымен қатар 1 ақпаннан бастап елімізде концерттерде фонограмма пайдалану ережесі айтарлықтай қатаңдатылды. Егер әнші фонограммамен айтатын болса, ол туралы жарнамада және билетте міндетті түрде ескертілуі тиіс. Бұл талапты бұзғандарға 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.

Той-жиындарға, мейрамханалар мен түнгі клубтарға бұл шектеу жүрмейді. Сондай-ақ, ашық аспан астындағы алаңдар мен телеарна түсірілімдерінде техникалық себептерге байланысты фонограммаға рұқсат етіледі.

2026 жылдың 1 ақпанынан бастап сыра өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл талап отандық өндірушілер мен импорттаушылардың барлығына бірдей қолданылады және нарықтағы есеп пен бақылау тетіктерін түбегейлі өзгертпек.

Tañba Бірыңғай таңбалау оператор мәліметінше. алдымен кегтер мен бөтелкелердегі сыра өнімдері таңбаланады, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаңылтыр банкадағы өнімдер де цифрлық кодсыз айналымға жіберілмейді. Белгіленген мерзімдерден кейін өндірілген немесе елге әкелінген әрбір өнім бірлігі тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркелуі тиіс. Нарыққа шығар алдында Data Matrix коды қойылмаған өнім заңсыз деп танылады. Айта кетейік, қаңылтыр банкадағы сыралар тек 2027 жылдан бастап таңбаланады.

Бұған қоса, ақпанда Қазақстан азаматтығын алушылар үшін маңызды кезең. Ақпан айында мемлекеттік тілді, Конституцияны және тарихты білу бойынша тестілеуге өтінімдер қабылдана бастайды.

Өтінімдер 3-10 ақпан аралығында қабылданады, сынақ тест 100 сұрақтан тұрады (қазақ тілі – 30, Конституция – 40, тарих – 30). Кемі 50 балл жинау қажет. Тесті сәтті тапсырғандарға 2 жыл бойы жарамды электронды сертификат беріледі.

Ақпанда биылғы жылдың басты додасы - Қысқы Олимпиада ойындары 6 ақпанда Италияда басталады. Ойындардың ашылу салтанаты Миланда Сан Сиро стадионында өтеді. Жарыстар 22 ақпанға дейін жалғасады, ал Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығында өтеді.

Қазақстандық спортшылар спорттың 10 түрінен биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатикадан бақ сынайды.

Сондай-ақ ақпанда қасиетті Рамазан айы басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, 2026 жылы Рамазан айы 19 ақпанда басталады, ал наурыздың 16-нан 17 қараған түн Қадір түні. Ораза айт мерекесі 20 наурызда, ал Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.