Өзгерістер мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен ЖОО-ларда жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын төлеу қағидаларына енгізілетін түзетулер жобасында қарастырылған, деп хабарлайды QazMonitor.
Жобаға сәйкес, ғылыми қызметкерлердің лауазымдық айлығын есептеу үшін қолданылатын коэффициенттер қаржыландыру түріне қарай қайта қаралады. Атап айтқанда, гранттық қаржыландыру бойынша коэффициент 2,0-ден 2,5-ке, ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 2,15-тен 2,65-ке дейін ұлғайтылады. Соның нәтижесінде лауазымдық оклад 25 пайызға өседі.
Ғылыми дәреже, атақ және өзге де үстемақыларды есепке алмағанда, еңбек өтілі жоқ кіші ғылыми қызметкердің жалақысы 432,2 мың теңгені құрайды. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы ғылыми жоба жетекшісі, 25 жылдан астам еңбек өтілі бар бас ғылыми қызметкер, профессордың айлық табысы 1 396,9 мың теңгеге дейін жетеді.
Сонымен қатар жоба ғылыми қызметкердің жетістіктері үшін жаңа қосымша төлем түрін енгізуді көздейді. Төлем мөлшері белгіленген балдық шкалаға сәйкес анықталып, 47,5 мың теңгеден 522,5 мың теңгеге дейін болады.
Құжат «Ашық НҚА» порталында 16 ақпанға дейін ашық талқылаудан өтеді.