Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған бірыңғай Ашық есік күнінде қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника көрмелері ұсынылып, саптық дайындық, қоян-қолтық ұрыс элементтері және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау көрсетілді, деп хабарлайды QazMonitor. Сондай-ақ әскери тәртіпті сақтау, қауіпсіздік шаралары, оқу-жаттығуларды өткізу тәртібі туралы ақпарат берілді.
Ата-аналар казармаларды, жатын бөлмелерді, тұрмыстық аймақтарды, асханаларды аралап, сарбаздардың қызмет ету және тамақтану жағдайымен танысты. Кейбір бөлімдерде бірлескен түскі ас ұйымдастырылып, бұл ата-аналарға ерекше әсер қалдырды.
Ашық есік күні еліміздің түрлі өңірлеріндегі әскери бөлімдерде өтті. Оның ішінде Ақтау, Гвардейск, Тараз және елорда гарнизондарында жүздеген қонақ қабылданып, теңіз жаяу әскерлері мен десанттық-шабуылдау әскерлерінің дайындығы көрсетілді. Іс-шараға қатыса алмаған ата-аналар үшін бейнеқоңырау арқылы байланыс ұйымдастырылды.
Сонымен қатар бұл күні күні ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің басшылығымен қызмет атқарып, қажетті жағдаймен қамтамасыз етілгеніне көз жеткізуге мүмкіндік берді. Аталмыш бастама армиядағы ашықтықты арттырып, сарбаздарға деген қамқорлықтың Қарулы күштер үшін басым бағыт екенін көрсетті.