Тиісті келісімге Исламабадта өтіп жатқан «Қазақстан – Пәкістан» бизнес форумы аясында екі елдің бизнес өкілдері қол жеткізді, деп хабарлайды QazMonitor.
Автобустардың алғашқы партиясын жеткізу биылғы сәуір айында басталады. Коммерциялық келісімнің жалпы құны 108 млн АҚШ долларын құрайды. Компания 2027–2028 жылдары Пәкістанға экспорт көлемін 2000 автобусқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
2018 жылы Алматы қаласында құрылған Falcon EuroBus бүгінде еуропалық стандарттарға сай автобустардың кең түрін шығарады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1500 автобус болса, биыл бұл көрсеткішті 3000 данаға дейін арттыру көзделген. Қазақстандық электр автобустарына Өзбекстан, Моңғолия, Пәкістанмен қатар, Еуропа елдерінде де сұраныс жоғары.
Falcon EuroBus директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділхановтың айтуынша, компания автобустарды толық өндірістік цикл бойынша шығарады.
«Бүгінгі бизнес форум біз үшін үлкен нарыққа жол ашты. Қазіргі келісім аясында жолаушылар тасымалына арналған 600 электр автобусын жеткіземіз. Сондай-ақ B2B кездесулер барысында Пәкістанның білім министрлігі өкілдерімен оқушылар тасымалына арналған 2000 автобус жеткізу туралы алдын ала келісімге келдік», — деді ол.