Алматыда мемлекет пайдасына тәркілеуге жататын мүлікті иемдену мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған адамдар тобына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KazMonitor.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтаған. Топтың жетекшісі Коспаевтың басшылығымен «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да компанияларды рейдерлік жолмен басып алу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Сот шешімімен Алматыдағы «Никольский» базары аумағында орналасқан «Nikolsky Investment» ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлікке тыйым салынған. Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде Аслан Пухаев, Антон Соловьёв және Жақсылық Сәрсенбаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесіне жалған мәлімет енгізіп, тыйымды заңсыз алып тастауды ұйымдастырған.
Кейін олар жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер телімін жалған тұлғалардың атына қайта рәсімдеп, сату мақсатында әрекет еткен.
Сот кінәлілерге 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді. Мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.