Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халық табысының өсуін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді, деп хабарлайды QazMonitor.
Отырыс барысында азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сай келмейтіні атап өтілді. Қазіргі таңда еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 31 пайызды құрайды. Бұл Орталық Азия елдері үшін жоғары көрсеткіш болғанымен, Үкімет алдағы мақсат ретінде әлемдік орташа деңгей – 40 пайыздан жоғары межеге жетуді көздеп отыр.
Премьер-министрдің айтуынша, жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлердің өз күшімен тапқан кірістерінің динамикасынан төмен қалып отыр. Осыған байланысты Үкімет халықтың табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар пакетін әзірлеуде.
Бұл шаралар қаржылық және салықтық ынталандыру тетіктерін қамтып, еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталмақ.