Астанада коммуналдық қызметтер күшейтілген тәулік бойғы режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды QazMonitor. Әкімдіктің мәліметінше, өткен түнде қар полигондарына 3 820 жүк көлігі рейсімен 63 мың текше метрден астам қар мен мұз шығарылған.
11 ақпан күні таңертең қала көшелерін тазартуға 2 мыңға жуық арнайы техника және 3 078 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Алдымен негізгі күре жолдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып, кейін аулалар, тротуарлар мен аялдамалар қардан аршылмақ.
Қыс басталғалы бері елордадан 316 402 рейспен 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелер мен тротуарларға техникалық тұз себу жұмыстары да тәулік бойы жүргізілуде.