Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Газ нарығындағы жаңа реформа: Сараланған тариф, делдалдарды аластату және тегін есептегіштер

Газ нарығындағы жаңа реформа: Сараланған тариф, делдалдарды аластату және тегін есептегіштер

Мәжілісте тауарлық газды үнемдеу туралы заң жобасы қаралды

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды. Оның сөзінше, реформа аясында газды тұтыну көлеміне қарай баға белгілеу және инфрақұрылымды монополист балансына қайтару шаралары қарастырылған, деп хабарлайды QazMonitor.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы газбен жабдықтау, бюрократия және делдалдармен күресті қамтиды. Ол жыл сайын елді мекендерді газдандыруға едәуір көлемде бюджет қаражаты бөлінгенімен, салынған нысандардың бір бөлігі уақытылы пайдалануға берілмейтінін айтты. Оның себебі жобалық шешімдердегі кемшіліктер мен құрылыс-монтаж жұмыстарының олқылықтары, нысанды қабылдау сатысында ғана анықталады.

«Осы мәселені шешу мақсатында бюджет қаражаты есебінен салынатын объектілер бойынша жобалау тапсырмасын жобалау-сметалық құжаттама әзірленгенге дейін «QazaqGaz»-бен міндетті түрде келісу, құрылыс барысында техникалық мониторинг жүргізу, электр желілері саласындағы тәжірибе бойынша объектілерді жергілікті атқарушы органдардан тікелей компанияның балансына беру арқылы тапсыру рәсімін жеңілдету ұсынылады», деді ол.

Сонымен қатар ол тәжірибеде бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеуі кездесетінін айтты. Қос тарифтің зардабын тұтынушы тартады. Бұған қоса, депутат жеке инвесторлардың газдандырылмаған көшелер мен тұрғын алаптарға газ құбырларын салып, өз шығындарын өтегеннен кейін пайдалану шығындарын көтергісі келмей, желілерді иесіз күйде қалдыратынын атап өтті. Бүгінде елде мүндай желілердің жалпы ұзындығы 4 мың километрден асады. Осы мәселені шешу үшін жеке инвесторды инвестициялар қайтарылғаннан кейін газ құбырларын өзі қосылған газ тарату ұйымының меншігіне беруге міндеттейтін норма енгізу ұсынылады.

Заң жобасында газ бағасына сараланған тәсілді енгізу көзделген. Ендігі кезекте тариф нақты тұтыну көлемі мен өңірлік ерекшеліктерге байланысты болады.

«Қолданыстағы баға белгілеу жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермейді. Сонымен қатар өңірлердің климаттық ерекшеліктері назарға алынбайды. Мәселен, жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты өңірдегі осындай тұрғын үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды. Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдану ұсынылады. Мұндай тәсіл су және энергетика саласында қолданылып отыр», деді Жаңбыршин.

Сонымен қатар мәжілісмен Қазақстанда 2,1 миллион тұтынушының есептегіш құралдарының көрсеткіштері бақылаушылар тарапынан қолмен алынады немесе тұтынушылар фотоға түсіріп жіберетінін айтады. Бүгінде «ҚазТрансГаз Аймақ» жүйесіндегі 1,9 миллион абоненттің тек 100 мыңы ғана деректерді қашықтан беретін заманауи есептегіштермен жабдықталған. Реформа аясында ел бойынша цифрлық есепке алу жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда.

«Бұл ретте есептегіш құралдарды ауыстыру газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүргізіледі, яғни тұрғындардың есебінен емес. Газ саласында осындай нормалардың қабылдануы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, қалпына келмейтін ресурсты пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деді ол.

2025 жылдың қорытындысы бойынша сұйытылған мұнай газдың нақты тұтыну көлемі 2 миллион тоннаны, ал өндіру көлемі 1,8 миллион тоннаны құрады, дефицит 200 мың тонна болған.

«Сонымен қатар келесі бағыттар реттелмеген: сұйытылған мұнай газын пайдаланатын көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы, автогаз құю станцияларының санының өсуі, өндірушілердің жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстарының үйлестірілуі — осындай мәселелер қиындықтар туғызып отыр. Осы жағдайды тұрақтандыру мақсатында сұйытылған мұнай газын пайдаланатын көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жобалау тапсырмаларын келісу, сондай-ақ өндірушілердің жоспарлы алдын алу жұмыстарының кестелерін бекіту өкілеттігін Энергетика министрлігіне беру, жергілікті атқарушы органдарға автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеу құқығын беру ұсынылады», деді ол.

Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылытуға арналған сұйытылған мұнай газының бағасын бекіту өкілеттігін Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылады.

Бүгінде автогаз құю станцияларының қауіпсіздігі ерекше алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті. 3000 автогаз құю станциясының 90 пайызының резервуарлары жер үстінде орналасқан, оның ішінде модульдік станциялар да бар. Заң жобасында резервуарларды жер астына көшіруге міндеттеуді көздейді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.