Ұлттық статистика бюросының зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерден төмен жалақы алатындар тек мұғалімдер мен медицина саласының қызметкерлері. 2025 жылы мемлекеттік қызметшілердің үштен бірі айына 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жалақы алған. Бұл туралы QazMonitor Ranking.kz зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады.
Қызметкерлердің 31 пайыздан астамы, яғни шамамен 116 мың адам 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін табыс тапқан. Ал 700 мыңнан 1 млн 100 мың теңгеге дейін жалақы алатындар саны небәрі 9 700 адамды құрайды. 1 млн 100 мың теңгеден жоғары жалақы алатын шенеуніктер саны – шамамен 1,5 мың. Олардың ішінде 10 адам айына 3 млн теңгеден астам табыс табады.
Жалақының мұндай бөлінісі мемлекеттік секторға тән «пирамидалық» жүйені көрсетеді: қызметкерлердің басым бөлігі орта буында еңбек етеді, ал жоғары жалақы алатындар саны аз. Былтыр мемлекеттік қызметшілердің жалақысы бар болғаны 4 пайызға ғана өскен.
Қаңтар айының соңында 59 мәжіліс депутаты үкімет басшысына орта және төменгі буындағы мемлекеттік қызметкерлерге арналған әлеуметтік қолдау тетіктерін енгізу туралы ұсыныс жасады. Депутаттардың айтуынша, кейбір шенеуніктердің жалақысы 180 мың теңгеден басталады және бұл олардың атқаратын жұмысы мен жауапкершілігіне сай емес.