Астанада коммуналдық төлемдер сомасының өсуіне қатысты шағымдарға байланысты Табиғи монополияларды реттеу комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды QazMonitor.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта реттелетін коммуналдық қызметтерге – электр, жылу, су және су бұру тарифтерін көтеруге мораторий қолданылады. Осы кезеңде тарифтерді қайта қарау жүргізілмеген.
2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айларына жылумен жабдықтау бойынша есептеулер үйдегі ортақ есепке алу құралдарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіліп, пәтерлерге алаңына пропорционалды бөлінген.
«Жүргізілген тексеру нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар айындағы төлем құжаттарында сомалардың ұлғаюы жылыту кезеңінде жылу энергиясын нақты тұтынудың артуына байланысты екені анықталды. Тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне тәуелді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады», делінген Табиғи монополияларды реттеу комитеті таратқан ақпаратта.
Мәселен, 2025 жылғы желтоқсанда Астанада орташа ауа температурасы -8°C болса, 2026 жылғы қаңтарда -14,3°C болған. Бұл жылу тұтынудың артуына әсер еткен. Комитет сондай-ақ тарифтер ҚҚС-сыз бекітілетінін еске салды.
«Айта кету қажет, реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтері қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмай бекітіледі. Қызмет нақты көрсетілген кезде ҚҚС салық заңнамасына сәйкес төлем құжаттарына енгізіледі және төлеуге жататын соңғы сомаға әсер етеді. Орташа алғанда түбіртектердегі сомалардың ұлғаюы шамамен 3–4% құрайды және бұл тарифтердің өсуі болып табылмайды», деп қосты ведомство.
Ведомствоның мәліметінше, түбіртектегі жалпы сома тек коммуналдық қызметтерге ғана емес, телекоммуникация, лифт, ОСИ/КСК қызметтері секілді бәсекелі нарықтағы қызметтерді де қамтиды.
«Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы тек коммуналдық ресурстарды нақты тұтыну көлемімен және салық құрамдасымен ғана емес, сонымен бірге аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін», деді комитетте.
Комитетке түскен шағымдардың басым бөлігі нақты тұрғын үйдегі тұтыну көлемі мен есептеу ерекшеліктеріне байланысты жеке сипатта екені анықталған. Тұтынушыларға алдымен қызмет көрсетуші ұйымға жүгіну, ал мәселе шешілмеген жағдайда аумақтық департаментке немесе «e-Otinish» платформасы арқылы шағымдану ұсынылды.