Жолаушылар тасымалы жолаушылар теміржол тасымалы саласындағы бизнес-процестерге цифрлық шешімдерді енгізу мақсатында студенттердің салаға арналған өз әзірлемелерін ұсынуын қолға алды, деп хабарлайды QazMonitor.
Бұл жоба Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылуда. Осы бағытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ Astana IT University-мен дуалды оқыту бойынша меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастық форматы академиялық білімді компанияның нақты бизнес-процестерімен ұштастыруды көздейді. Жобаға қатысуға 135 үміткер өтініш білдірсе, іріктеу нәтижесінде 14 студент таңдап алынды. Олар төрт командаға бөлініп, екі ай бойы компанияның нақты бизнес-міндеттерін шешумен айналысты.
Соның бірі теміржол билеттерін сату үдерісін талдайтын арнайы жүйе әзірледі. Жоба күмәнді және қалыптан тыс операцияларды анықтауға бағытталған.
Жаңа шешім алыпсатарларды, жаппай немесе аномалды сатып алуларды, сондай-ақ өзге де адал емес әрекеттерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Тәуекелдер анықталған жағдайда жүйе компанияның ішкі регламенттеріне сәйкес тексеріс жүргізу және есептік жазбаларды уақытша бұғаттау үшін сигнал қалыптастырады.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама билет сатудың ашықтығын арттырып, жолаушыларға қолайлы әрі әділ қызмет көрсетуге ықпал етеді.