Алматы тауларында құтқарушылар заманауи DaisyBell газ-динамикалық қондырғысын пайдаланып, қар көшкінін қолдан түсіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды QazMonitor ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қондырғы тікұшаққа ілінетін аспалы жүйе болып табылады. Оның жұмыс істеу принципі қар жамылғысынан қауіпсіз биіктікте оттегі мен сутегінен тұратын газ қоспасын бақылаулы түрде жаруға негізделген.
Пайда болған соққы толқыны тұрақсыз қар массаларының қозғалысын тудырып, олардың өздігінен және бақылаусыз көшуінің алдын алады.
Жұмыстар Кіші Алматы және Қотырбұлак өзендерінің бассейндерінде жүргізілді. Нәтижесінде: «Шымбұлак – Тұйықсу» автожолы, Школьник шыңы ауданындағы «Шымбұлак» тау шаңғысы кешені аумағы және Қотырбұлақ шатқалындағы «Ski park Pioneer» тау курортының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Түсірілген қардың жалпы көлемі 83 мың текше метрді құрады. Таулардағы жарылыстар төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтып, тау курорттарының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.