Астанада білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелерін полицияның Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде полицияның Жедел басқару орталығына 230-дан астам білім беру мекемесі қосылған. Балабақшалар, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында орнатылған 9 300-ден астам бейнекамера мен дабыл түймелері тәулік бойы бақылауда.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде өткен жылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзудың 170-тен астам дерегі анықталған. Ал 2026 жылдың басынан бері осындай 25 жағдай тіркелген.
Құқық қорғау органдары білім мекемесінің ішіндегі жағдаймен қатар, олардың маңындағы аумақтардың қауіпсіздігіне де назар аударады. Атап айтқанда, мектептерге жақын жол инфрақұрылымы тексеріліп, жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жарықтандыру жүйесінің жағдайы бағаланады. Сонымен бірге «мектеп – үй» бағыты бойынша оқушылардың қозғалыс маршруттары талданып, қауіпті учаскелерді жою шаралары қабылданып жатыр.
Бұдан бөлек, мектеп автобустарының техникалық жағдайы мен балаларды тасымалдау талаптарының сақталуы бақылауға алынды.