ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасы аясында құрылып жатқан Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысқа дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды QazMonitor.
Депо құрамында жалпы ауданы 768 м² болатын Бірыңғай диспетчерлік орталық (процессингтік орталық) қалыптастырылуда. Бұл орталық жүйені басқару мен қаланың жол-көше желісіндегі үдерістерді үйлестірудің негізгі элементіне айналады.
Орталық LRT құрамдарының қозғалысын басқару, интеллектуалды көлік жүйесінің бағдаршамдарын үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедті жалға беру жүйесін басқару, сонымен қатар көлік деректерін өңдеу және аналитикалық талдау сияқты функцияларды орындайды. Қалалық қызметтермен интеграция басқаруды орталықтандыруға, штаттан тыс жағдайларда ведомствоаралық өзара іс-қимыл жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аралау барысында «Әуежай» (101), «Бәйтерек» (112), «Министрліктер үйі» (113) стансалары да қаралды.
Сынақтық пайдалану бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес барлық желі бойынша жүргізілуде. Пойыздар тоқтаусыз немесе барлық стансаларда тоқтап, есіктердің синхрондалуын, позициялау жүйелерін, тоқтау дәлдігін және борттық әрі стансалық басқару жүйелерінің өзара әрекетін тексереді. Сынақтар тәуліктің кез келген уақытында, соның ішінде түнгі мезгілде де жүргізіледі, ұзақтығы тәулігіне 12 сағаттан асады. LRT құрамдары пилотсыз режимде (GoA4) қатынайды. Сынақтар инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелерін тексеруді, персоналды даярлауды және апаттық рәсімдерді пысықтауды қамтиды. Құрамдар Орталық Азия климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді.
Технологиялық шешімдерде қозғалыс құрамдарының дөңгелектерінде дірілді оқшаулайтын резеңке төсем қарастырылған, бұл динамикалық жүктемелер мен шуды азайтып, акустикалық әсерді төмендетеді.
Болжамды пайдалану параметрлері: қозғалыс аралығы – 5-10 минут (учаскеге байланысты); стансалар арасындағы жүріп өту уақыты – 1,5-3 минут; «Нұрлы жол» стансасынан «Әуежай» стансасына дейінгі жүру уақыты – шамамен 40 минут.
Сынақтық пайдалануды аяқтау және жолаушылар қозғалысын бастау күні барлық іс-шаралар орындалып, жүйенің техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін анықталады. LRT жұмысының басталуы жақын айларда (көктемде) күтілуде.