Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ираннан эвакуация: Қазақстан көрші елдермен келісімге келді

Ираннан эвакуация: Қазақстан көрші елдермен келісімге келді

Армения, Әзербайжан және Түрікменстан қазақстандықтарды шығару бойынша жәрдем көрсетуге дайын

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жүргізген жұмыс қорытындысы бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Ираннан азаматтарымызды көрші елдер арқылы эвакуациялауға жәрдем көрсету жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді, деп хабарлайды QazMonitor.

Армян тарапымен Қазақстан азаматтарының Армения аумағы арқылы эвакуациялануы жағдайында Иран – Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Арменияның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен тұрақты байланыс сақталуда.

Осыған ұқсас жұмыс Әзербайжан тарапымен де жүргізілді. Олар эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Алайда елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.

Екі азаматтың өтініші негізінде Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігі Ираннан «Джульфа» бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды.

Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.

Аталған бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасуда. Қосымша түсіндірмелер Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланып отырады.

Жедел ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдаланды. Компаниямен бірлесіп хабарламалар жүйесі жолға қойылып, өңірдегі азаматтардың мобильді құрылғыларына ресми ақпарат пен түсіндірмелердің дер кезінде жеткізілуі қамтамасыз етілді.

Ведомство өңірдегі жағдай толық тұрақтанғанға дейін азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын орындауға, тәуекелі жоғары аймақтардан аулақ болуға, сондай-ақ уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырды.

Қосымша ақпарат келіп түсуіне қарай хабарланбақ. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі өзінің және шет елдердегі мекемелердің ресми хабарламаларын мұқият қадағалап отыруды сұрады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.