Алматы облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр. Бартоғай және Күрті су қоймаларында жөндеу жұмыстары аяқталды. Шелек өзенінің арнасы тазартылып, 18 техника мен инертті материалдар қоры дайындалды, деп хабарлайды QazMonitor.
«Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы Вегетация және су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында өз қарауындағы су шаруашылығы нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда Үлкен Алматы каналының бас торабында және Шелек су торабында бұрандалы көтергіштер мен болат арқандар жаңартылды. Күрті су қоймасында бөгеттің жоғарғы еңісі бетонмен қапталды. Тасқұтан су көтеру бөгетінде каналдар арасындағы аумақтарға топырақ төселді.
Сондай-ақ Бартоғай су қоймасы, Үлкен Алматы каналының бас торабы және Шелек су торабы маңындағы Шелек өзенінің арнасы тазартылды.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында биыл Күрті өзенінің жағалау бөлігі бекітілді. Қазіргі таңда «Қорам» магистральдық каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл соңына дейін Бартоғай су қоймасында конустық ысырмаларды жөндеу және резеңке тығыздағыштарды ауыстыру, Шелек су торабында бұрандалы көтергішті жаңарту, сондай-ақ Бартоғай су қоймасы, Үлкен Алматы каналының бас торабы және Шелек су торабы маңындағы Шелек өзенінің арнасын тазалау жоспарланып отыр.
Бұған қоса, су тасқынына қарсы іс-шараларға қажетті жанар-жағармай және инертті материалдар қоры дайындалып, экскаваторлар, тиегіштер және жүк самосвалдарын қоса алғанда 18 техника әзірленді.