Соңғы екі жылда Қазақстанда медициналық жоғары оқу орындарын тәмамдап, жұмысқа орналасқан жас мамандар саны 20%-ға артқан, деп хабарлайды QazMonitor Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, 2023 жылы 1857 түлек жұмысқа орналастырылса, былтыр бұл көрсеткіш 2271 адамға жеткен. Жас дәрігерлер санының өсуі өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға ықпал еткен.
Жыл сайын мемлекет медицина саласы үшін бакалавриаттан бастап докторантураға дейін 5 685 білім грантын бөледі. Мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірлердің, әсіресе ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың қажеттілігін ескере отырып қалыптастырылады.
Сонымен қатар мамандарды өңірлерде тұрақтандыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары да енгізілген. Олардың қатарында тұрғын үйге жеңілдетілген несие және кемінде бес жыл жұмыс істеген дәрігерлерге ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде (8,5 млн теңге) біржолғы төлем қарастырылған.
2024 жылы мұндай төлемді 254 маман алса, 2025 жылы 529 медицина қызметкеріне берілген. Жалпы өткен жылы 1 760 дәрігер түрлі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.
Министрлік қабылданған шаралардың нәтижесінде ел бойынша дәрігерлер тапшылығы 20%-ға, ал ауылдық жерлерде 30%-ға төмендегенін атап өтті.