Қазақстанда шетелден, соның ішінде ЕАЭО елдерінен алты ай бойы тауық жұмыртқасын импорттауға уақытша тыйым салынады. Мұндай шешімді Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) қабылдады, деп хабарлайды QazMonitor.
Неге шектеу қойылды?
Бұл қадам ішкі нарықты қолдау және отандық құс фабрикаларының әлеуетін толық пайдалану мақсатында жасалып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыртқа өндірісі 2,4%-ға артып, 4 568,5 млн дананы құрады. Ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 98%-ға жетті.
Қазір елде 70 құс фабрикасы жұмыс істейді, оның 34-і тек жұмыртқа бағытында.
Ет пен картопқа қатысты шешімдер
Сонымен қатар ВАК отырысында жұмыртқадан бөлек, ауыл шаруашылығының өзге де өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда картоп экспорты бойынша шешім қабылданды. Картопты шетелге сатуға тыйым салынбайды. ВАК ақпаратына сәйкес, қоймаларда қор жеткілікті, ал баға тұрақты.
Сиыр еті бойынша экспорттаушыларға қойылатын талаптар жеңілдетіледі. Енді квота алу үшін 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы болуы міндетті емес.
Ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын шетелге шығаруға салынған тыйым ұзартылды. Бұл елдегі мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа дейін жеткізу жоспарымен байланысты.