Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 2026 жылдың басынан бері бірқатар өңірде автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін заңсыз беру фактілерін анықтады, деп хабарлайды QazMonitor.
Атап айтқанда, Астанадағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескені үшін әшкереленді. Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факті процестік түрде құжатталды.
Сондай-ақ, Көкшетаудағы мамандандырылған ХҚКО және Екібастұз қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді. Олардың жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақшалай қаражат алғаны анықталды.
Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері анықталды.