Қазақстандық ұн алғаш рет Қостанай – Нью-Йорк бағыты бойынша Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жөнелтілді, деп хабарлайды QazMonitor.
Тасымалды ұйымдастырған KTZ Express компаниясы мәліметінше, жүк 2026 жылғы 10 наурызда жолға шыққан. Жөнелтілім құрамына Salamat Company LLP өндірген 24 тонна бидай ұны кірді. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы ірі ұн тарту зауыттарының бірі саналады.
Тасымал мультимодальды форматта, яғни теміржол және теңіз көліктерін кезектестіре пайдалану арқылы жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде жүк Қостанайдан Ақтау портына жеткізілген. Одан әрі Каспий теңізі арқылы Әзербайжандағы Алат портына, кейін Поти порты арқылы Қара теңізбен тасымалданған.
Маршрут Стамбул арқылы Жерорта теңізіне шығып, соңғы кезеңде Атлант мұхиты арқылы Нью-Йорк портына дейін жалғасады. Теңіз арқылы жеткізуді әлемдегі ірі кеме қатынасы компанияларының бірі — CMA CGM жүзеге асырады.
Жалпы транзит уақыты 58 күнді құрайды. KTZ Express мәліметінше, жүк жөнелтілген сәттен бастап соңғы жеткізу нүктесіне дейін толық бақылауда болады.