Қазақстанның дәстүрлі тағамдары – қазы, қымыз, құрт, бауырсақ – бүгінде тек ұлттық мәдениеттің символы ғана емес, экспорттық табыс әкелетін маңызды өнімдерге айналып келеді, деп хабарлайды QazMonitor.
QazTrade дерегіне сәйкес, 2028 жылға қарай қазақстандық ұлттық тағамдардың экспорты 50–80 млн АҚШ долларына дейін жетуі ықтимал. Бұл – дәстүрлі гастрономияның халықаралық нарықта сұранысқа ие бола бастағанын көрсетеді.
Негізгі нарықтар қай елдер?
Қазақстан өнімдерінің негізгі экспорттық бағыттары – Ресей мен Қытай. Бұл елдерде 2 млн-нан астам қазақ диаспорасы тұрады, бұл өз кезегінде ұлттық тағамдарға тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр.
Ресейде құрт пен қымыз кеңінен таралған. Ал Қытайда, әсіресе Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында халал өнімдерге қызығушылық жоғары. Жалпы, әлемдік халал ет пен деликатестер нарығы 2,1 трлн долларды құрайды және жыл сайын шамамен 7%-ға өсіп келеді.
Сүт өнімдерінің экспорты өсуде
Соңғы жылдары қымыз, шұбат және айран экспорты айтарлықтай артты. Мәселен, 2024 жылы бұл көрсеткіш 13,4 млн доллар болса, 2025 жылы 17,3 млн долларға жетіп, өсім 29,4%-ды құрады.
Алайда қымыз экспортының басты мәселесі – сақтау мерзімінің қысқалығы. Табиғи өнім небәрі 3–5 күн сақталады. Осыған байланысты өндірушілер пастерленген қымыз бен құрғақ саумал сияқты жаңа технологиялық шешімдерді енгізіп жатыр. Мұндай өнімдер қазірдің өзінде Қытай нарығына жеткізіле бастады.
«Көшпелі гастрономия» – жаңа тренд
Сарапшылар «көшпелі гастрономия» бағытын Қазақстанның жаңа экспорттық бренді ретінде қарастырып отыр. Бұл – табиғи ет және сүт өнімдеріне негізделген дәстүрлі дала асханасы.
QazTrade бас директоры Айтмұхамед Алдажаровтың айтуынша әлемде функционалды тағамдар мен суперфудтарға сұраныс артып келеді.
«Ал қазақтың дәстүрлі рационы бұл қажеттілікті толық қанағаттандыра алады. Мәселен, құрт – пайдалы микроэлементтердің көзі, ал тары мен талқан сауда миссиялары мен халықаралық көрмелер кезінде шетелдік тұтынушылар арасында барған сайын танылып келед», деді ол.
Сонымен қатар, ұлттық өнімдер шетелдегі қазақ мейрамханалары мен кофеханалар арқылы да танылып жатыр. Мысалы, тары қосылған капучино АҚШ нарығында пайда бола бастаған.