Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Астанада жалған ақпарат арқылы ақша жинаған 23 жастағы күдікті ұсталды

Астанада жалған ақпарат арқылы ақша жинаған 23 жастағы күдікті ұсталды

Threads желісінде ойдан шығарылған оқиға арқылы 100-ден астам аударым қабылдаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

QazMonitor Logo
Sora Shimazaki/Pexels
Sora Shimazaki/Pexels

Астанада алаяқтық және жалған ақпарат тарату дерегі бойынша 23 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды QazMonitor. Ол әлеуметтік желіде ойдан шығарылған оқиға жариялап, ақша жинаумен айналысқан.

Оқиға 23 ақпанда Threads платформасында басталған. Белгісіз аккаунт иесі әскерде жүрген кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын жазған. Жазбада ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ болған жағдайды ұмыта алмай жүргенін жеткізген.

Постта егжей-тегжейлі баяндалған оқиға арқылы қолданушылардың сеніміне кіріп, автор қаржылай көмек сұраған. Қауіп барын алға тартып, шетелге кету қажет екенін айтып, банк реквизиттерін жариялаған. Сонымен қатар психологиялық күйзеліс туралы да жазған.

Алайда желі қолданушыларының бірі күмәнданып, көрсетілген шотты тексеру үшін полицияға жүгінген. Тексеру барысында есепшоттың 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені анықталған. Оның айтуынша, танысы қарыз аудару сылтауымен реквизиттерін сұрап, кейін басқа да аударымдарды қабылдауды өтінген. Екі күн ішінде шотқа 100-ден астам аударым түскен.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде жарияланым авторы ұсталды. Тергеу барысында оның әскери қызметке еш қатысы болмағаны, әскерде мүлде болмағаны белгілі болды. Күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында таратқанын мойындаған.

Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен қамауға алынды. Оған бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.