Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы жол инфрақұрылымының жай-күйін сынға алып, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Мегаполис басшысы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына тоқталып, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Оның айтуынша, бұл жағдай жол қауіпсіздігіне қатысты жүйелі жұмысты күшейтудің маңызын көрсетеді.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаттарының негізгі себебі — жол қозғалысы ережелерін бұзу. Қалада тәулігіне 270 патрульдік экипаж жұмыс істейді. Сонымен қатар 9 415 камераны қамтитын 1 641 «Сергек» кешені жолдағы жағдайды бақылап отыр.
«Бір ғана адамның өмірі қиылса да, құрғақ статистиканың мәні жоқ. Жол мен тротуарлардағы қауіпсіздік біздің басты басымдығымыз. Инфрақұрылымды жақсарту және цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастырамыз. Алайда ереже сақталмаса, тәртіп болмайды. Полиция барлық құқық бұзушылық бойынша көлікті тұраққа дұрыс қоймаудан өрескел әрекеттерге дейін бақылауды күшейтіп, қатаң шаралар қабылдауға тиіс», деді Сатыбалды.
Кеңес барысында жол жөндеу жұмыстары да талқыланды. Биыл орташа жөндеу 360 көшені қамтиды, олардың жалпы ұзындығы 290,2 шақырым. Оның ішінде 17 магистральды көшенің 40,9 шақырымы жаңартылады.
Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, наурыз айының ортасынан бастап ағымдағы жөндеу жұмыстары басталған. Қазір жолдағы ақауларды жою, люктерді реттеу және инженерлік желілерден кейінгі жабынды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ биыл Алатау ауданындағы жолдарға ерекше назар аударылады. Мұнда 304 көшеде, жалпы ұзындығы 121,9 шақырым болатын жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Әкім мердігер компаниялардың жұмысына да сын айтып, сапасыз жұмыс істеген ұйымдармен келісімшарттар қайта қаралатынын жеткізді. Енді мегаполисте міндеттемелерін сапасыз орындаған компаниялар қаладағы жұмыстарға қатыстырылмайтынын ескертті.