Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда 700-ден астам оқу бағдарламасы жабылады

Қазақстанда 700-ден астам оқу бағдарламасы жабылады

Үкімет аудит жүргізіп, еңбек нарығындағы сұранысқа сай келмейтін мамандықтарды қысқарту туралы шешім қабылдады

QazMonitor Logo
Anna Shvets /pexels
Anna Shvets /pexels

Қазақстанда жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның ішінде 78 жоғары оқу орнындағы 503 бағдарлама артықтықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама жүйедегі олқылықтарды жою мақсатында тоқтатылады. Бұл ретте барлық студенттердің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді.

Аида Балаеваның айтуынша, енді технологиялар мен заман талаптарына сай болу шешуші факторға айналды. Осы мақсатта үкімет тарапынан кадрлық мәселелер бойынша 73 мыңнан астам отандық кәсіпорындарды қамтыған ауқымды сауалнама жүргізілді.

Жүйедегі негізгі 3 проблема

Жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде шұғыл шешуді талап ететін бірқатар жүйелі проблемалар анықталған.

Мамандардың негізгі үлесін 40-тан 59 жасқа дейінгі қызметкерлер құрайды. Мәселен, Павлодар облысында 50-59 жас аралығындағы жұмысшылардың үлесі 50%-ға жетеді. Бұл алдағы 7-10 жылда білікті мамандардың жаппай тапшылығына әкелуі мүмкін.

Өңірлердегі нақты қажеттілік пен даярлау бағыттары арасында алшақтық бар. Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығына 800 маман жетіспесе, Қарағанды облысында 351 IT-вакансияға 2500-ден астам студент дайындалуда.

Білім беру бағдарламалары практикадан ажырап қалған. Қазіргі кезде ЖОО-ларда экономика бойынша - 142, құқықтану бойынша 115 бағдарлама бар. Олардың көбі бір оқу орнының ішінде-ақ бір-бірін қайталайды.

Жаңа басымдық AI-дан Smart Agriculture-ге беріледі

Ескі бағдарламалардың орнына 21 басым бағыт іске қосылады. Олардың қатарында AI and Data, Bioengineering, Smart Agriculture және EdTech болады.

Сонымен қатар 35 бағыт бойынша бағдарламалар жаңғыртылып, work-based learning (жұмыс орнында оқыту) үлесі артады. ЮНЕСКО ұсынымдарына сай, бұл көрсеткіш бакалавриатта 25%-ға, магистратурада 40%-ға дейін жеткізілмек.

Педагогикалық трансформация

Мемлекеттік гранттар енді өңірлік экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай бөлінетін болады. Педагогикалық ЖОО-ларға ерекше мән берілмек: ұстаздар тек білім беріп қана қоймай, цифрлық этика, жасанды интеллект және қауіпсіздік бағытында жетекші рөл атқаруы тиіс.

Үкіметтің бұл қадамы — жоғары оқу орындарын инновациялар мен ұлттық бірегейліктің орталығына айналдыруға бағытталған түбегейлі трансформацияның бастауы. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру және біліктілікті арттыру жүйесі де толықтай жаңарады деп жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.