2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңартылған тәртібі енгізіледі, деп хабарлайды QazMonitor.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, жаңа жүйе іріктеу процесін толық цифрландырып, конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Енді конкурсқа қатысу үшін кандидаттар өтініштерін eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн түрде береді. Құжаттарды тапсыру және іріктеудің негізгі кезеңдері толықтай цифрлық форматта жүзеге асады.
Жүйе барлық нәтижелерді автоматты түрде есептейді. Ең жоғары жиынтық балл жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады. Балл тең болған жағдайда еңбек өтілі мен білім деңгейі ескеріледі.
Іріктеу кезеңдерінің ашықтығы, объективтілігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін (әңгімелесу кезеңін қоспағанда) барлық кезеңдерде прокторинг қолданылады.
Жаңа тәртіптің енгізілуі конкурс рәсімдерінің ұзақтығын айтарлықтай қысқартып, орта есеппен 5-7 жұмыс күніне дейін азайтады (бұрын 23-30 күн болған). Жалпы алғанда, жаңартылған жүйе мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеңілдетіп, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге және кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді.