Бүгін Мәжілісте депутат Еділ Жанбыршин «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді таныстырды. Ұсынылған түзетулер бұралқы жануарлар санын реттеу, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру және жануар иелерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor.
Заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – бұралқы иттерге қатысты тәсілді қайта қарау. Енді оларды бұрынғыдай ұстап, стерилизация жасап, қайтадан ортаға жіберу тәжірибесінен бас тарту ұсынылады.
«Бұл – принципті мәселе. Өйткені бүгінгі күні мемлекет шын мәнінде абсурд схема бойынша әрекет етеді: итті ұстап, стерилизациялап, вакцинациялап, кейін сол шағымдар мен қауіп туындаған ортаға қайта жібереді. Яғни мемлекет өз қолымен әлеуетті қауіп көзін қоғамдық кеңістікке қайтарады», – деді депутат.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл қоғамдық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан заң жобасында шынайы әрі жауапты модельге көшу ұсынылып отыр.
Жаңа нормаларға сәйкес, ауланған жануарларды уақытша ұстау мерзімдері енгізіледі. Бұған дейін 15 күн ұсынылса, талқылау нәтижесінде ең төменгі мерзім 5 күн болып белгіленген.
«Ауланған жануарларды міндетті түрде ұстау мерзімдері енгізіледі. Бастапқыда бұралқы жануарлар үшін 15 күн ұсынылды. Алайда талқылау барысында, ескертулерді ескере отырып, ең төменгі мерзім – кемінде 5 күн болып белгіленді», – делінген түзетуде.
Сонымен қатар мәслихаттарға бұл мерзімді ұлғайту құқығы беріледі. Ал иесі болуы мүмкін жануарлар үшін 60 күндік сақтау мерзімі қарастырылған.
Депутат заң жобасына қатысты қоғамда түрлі пікірлер туындап жатқанын атап өтті.
«Мұнда бір маңызды нәрсені атап өткім келеді. Заң жобасына қатысты барлық ауланған жануарларды міндетті түрде эвтаназияға жібереді деген эмоциялық манипуляциялар жасалуда. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Біз қатыгездікті ұсынбаймыз. Біз тәртіп, бақылау, жауапкершілік және азаматтарды қорғаудың нақты тетігін ұсынамыз», – деді ол.
Иттерге қатысты талап қатайғанымен, мысықтар үшін бұрынғы гуманистік тәсіл сақталады.
«Халықаралық тәжірибе мен тәуекел сипатын талдау нәтижесінде, иесіз мысықтарға қатысты қайтадан ортаға қайтару тәсілін сақтау ұсынылады. Бұл заң жобасының жалпы қатаңдату қағидатына негізделмегенін, керісінше, мінез-құлық тәуекелдерінің айырмашылығына, санитарлық қауіп деңгейіне және адамға төнетін нақты қатер деңгейіне негізделетінін көрсетеді. Яғни, заң жобасында тәсіл жазалаушы емес, сараланған», деді Жанбыршин.
ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің сөзінше, ауланған бұралқы иттер панажайда 5 күн бойы ұсталады.
«Тиісінше, бұралқы иттерді ұстау шығындарын жергілікті атқарушы органдар, жергілікті бюджет көтереді. 5 күн ішінде егер ол ит тиісті қызметтерге, приюттарға немесе жеке және заңды тұлғаларға орналастырылмаса, онда ол жойылуға (ұйықтатуға) жатады», деп нақтылады Шәрбиев.
Сондай-ақ ол иесі бар, бірақ қараусыз қалған иттер ауланған жағдайда панажайда 60 күн ұсталатынын және қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оны ұстауға кеткен шығындар жануардың иесіне жүктелетінін атап өтті.