ҚР Көлік министрлігі жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды QazMonitor.
Бұл құжат мүмкіндігі шектеулі жандарға көліктің қолжетімді болуын арттыруды, тасымалдау сапасын жақсартуды және талаптарды заманауи деңгейге сәйкестендіруді көздейді.
Инватакси қызметіне қатысты маңызды өзгеріс енгізілмек: енді оны алуға құқығы бар азаматтардың тізімі нақты айқындалады. Ол үшін арнайы қосымша әзірленіп, онда инватакси қызметін пайдалануға негіз болатын медициналық көрсеткіштер нақты көрсетіледі. Бұл аталған қызметті алушыларды анықтауда бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың инватаксимен сапар ұзақтығын белгілеу жөніндегі өкілеттіктері кеңейтіледі. Бұл халықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, реттеу тетіктерін икемді етуге жол ашады.
Жаңа нормаларға сәйкес, 18 жасқа толған мүгедектігі бар азаматтарды жеке көмекшілердің алып жүру мүмкіндігі де заңнамалық тұрғыда бекітіледі.
Одан бөлек, автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық көліктің жүктемесі жоғары болған жағдайда балалар арбаларын алып жүру шарттары нақтыланып, автобустардағы бағыттық көрсеткіштерді рәсімдеуге қойылатын талаптар өзектендіріледі.
Конкурстық рәсімдерді жетілдіру шеңберінде тасымалдаушыларды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, электрлі және гибридті қозғалтқыштары бар автобустарды пайдалану ынталандырылады. Бұл жылжымалы құрамды жаңартуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ өңірлердегі автовокзалдардың атаулары мен орналасқан жерін нақтылау арқылы көлік инфрақұрылымы нысандарының тізімі қайта қаралуда.
Айта кетейік, бұйрық жобасы 2026 жылғы 8 сәуірде «Ашық НҚА» интернет-порталында жарияланды.