ҚР Көлік министрлігі жүргізген тексеріс барысында авиакомпаниялардың әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергені анықталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Қазақстанда әуе отынымен қамтамасыз ету нарығын реттеу және мониторинг жүргізу жұмыстары аясында ірі тасымалдаушыларға қатысты санкциялар қолданылды. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, «Air Astana» АҚ және «FlyArystan» АҚ авиаотынның қолданыстағы көлемі туралы бұрмаланған мәліметтер ұсынған.
Ведомство әуе отынының нақты қоры мен есептік құжаттардағы деректер арасындағы сәйкессіздіктерді әшкереледі. Бұл мәліметтер ішкі нарықтағы отын теңгерімін жоспарлау және тапшылықтың алдын алу үшін маңызды болып табылады.
"Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, аталған авиакомпанияларға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылып, олардың әрқайсысына 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", -делінген ақпаратта.