Алматы қаласында ауа райының қолайсыздығына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген дайындық режиміне көшті, деп хабарлайды QazMonitor әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматы Тазалық» және мердігер ұйымдар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған. Жұмыстарға 104 арнайы техника, 74 мотопомпа және 12 ассенизаторлық көлік тартылды. Оның ішінде 9 техника су басу қаупі жоғары учаскелерге орналастырылды.
Сонымен қатар, 75 жедел бригада жасақталып, оған 425 жол саласы жұмысшысы кірген. Қала бойынша 2300 құм толтырылған қап дайындалды. Жалпы тәуліктік кезекшілікке 2710 қызметкер жұмылдырылып отыр.
Қалалық құтқару қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр: 15 мотопомпа мен 1 ассенизаторлық көлік кезекшілікке қойылған. Ал Төтенше жағдайлар департаменті 53 техника мен 240 қызметкерді жұмылдырды.
Қазгидромет болжамынша, алдағы күндері мегаполисте нөсер жаңбыр жауады.