Мемлекет басшысының білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында Қазақстанда инклюзивті ортаны дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасының іске асырылуы туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады. Оның айтуынша, 2025–2026 оқу жылының басындағы мәлімет бойынша елде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген.
Бүгінде олардың 90%-ы арнайы қолдаумен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Қазір елде 539 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, түзету кабинеттері, оңалту орталықтары және өзге де ұйымдар бар.
Педагог-ассистенттер лауазымдарын енгізу нәтижесінде үйде оқитын балалар саны 11%-ға азайып, шамамен 2 мың бала мектепке бару мүмкіндігіне ие болды.
Министрдің айтуынша, инклюзивті білім беру жағдайында оқитын балаларды қолдау үшін 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымында инклюзивті білімді қолдау кабинеттері ашылған. Биыл қосымша 40 қолдау кабинетін ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар арнайы педагогика бағыттарының тізімі 8 бейінге дейін кеңейтілген. Балаларды қолжетімді әрі сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін 360 арнайы оқу бағдарламасы, 300-ден астам оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленген. Педагогтер, арнайы мамандар мен ата-аналардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін 160 әдістемелік ұсыным дайындалған.