Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жәңгір Әбуов «Су ізі» атты интерактивті платформа әзірледі. Бұл жүйе әрбір қолданушыға өзінің қанша су тұтынатыны туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды QazMonitor.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жоба авторымен және оған жетекшілік еткен педагогтермен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен оқушының ата-анасы арасында платформаны жетілдіру және енгізу жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
«Су ізі» платформасы пайдаланушылардың күнделікті әдеттерін ескере отырып есеп жүргізеді. Оған тұрмыста және тамақтану кезінде су тұтыну, сондай-ақ су ресурстарын жанама пайдалану кіреді. Жүйе енгізілген деректерді автоматты түрде өңдеп, су үнемдеуге бағытталған жеке ұсыныстар ұсынады.
Жобаның тең авторы — №91 мектеп-гимназиясының тағы бір оқушысы Адият Шадияр. Ол балалар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға арналған қысқаметражды бейнероликтер сериясын ұсынды. Бұл роликтерде «Тамшы» анимациялық кейіпкері суды ұтымды пайдалану жолдарын түсіндіреді.
Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы аталған ақпараттық материалдарды тарату бойынша да келісімге келді.
Министр Нұржан Нұржігітов оқушылар әзірлеген жобаны жоғары бағалап, су үнемдеу мәдениетін қалыптастырудағы педагогтер мен ата-аналардың рөлін атап өтті.
Оның айтуынша, елімізде 2024 жылдан бері «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы іске асырылып келеді. Оның аясында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында экологиялық сағаттар ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, өткен жылы министрлік Алматыдағы №79 гимназия оқушысы Дана Қадырбекпен де меморандум жасасқан болатын. Ол атмосферадан су жинауға арналған құрылғы әзірлеп, Венада өткен БҰҰ форумында үздік жас өнертапқыштардың қатарына енген.