Республикалық қан орталығында қан компоненттерінің жапсырмаларында QR-кодтарды қолдануға негізделген ScanQAN инновациялық цифрлық шешімі енгізілді, деп хабарлайды QazMonitor ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның негізгі мақсаты – медициналық көмектің, соның ішінде қан құю рәсімдерінің қауіпсіздік стандарттарын күшейту және адами факторға байланысты тәуекелдерді азайту. QR-кодтарды пайдалану қан компоненттерін дайындау, сақтау, беру және пациентке трансфузия жүргізу кезеңдерінің барлығында дәл әрі жедел сәйкестендіруді қамтамасыз етеді.
Жаңа жүйе қан компонентінің стандартты жапсырмасын кеңейтілген клиникалық ақпарат көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. ScanQAN жүйесі арқылы QR-кодты сканерлеген медицина қызметкері қан компоненті туралы мәліметтерге, зертханалық зерттеу нәтижелеріне, сипаттамаларына, сақтау шарттарына, қолдану ерекшеліктеріне және өзекті клиникалық ұсынымдарға жылдам қол жеткізе алады.
Цифрлық көмекші медицина мамандарына клиникалық жағдайларда жедел шешім қабылдауға көмектеседі. Жүйе әрбір қан компонентіне қатысты қолдану көрсетілімдері, шектеулері және әртүрлі клиникалық жағдайларда пайдалану жөніндегі кеңейтілген ақпаратты ұсынады.
Сонымен қатар Республикалық қан орталығында сапа менеджменті жүйесінің қосымша цифрлық құралдары енгізілді. Олардың қатарында стандартты операциялық рәсімдерге, нұсқаулықтар мен регламенттерге жедел қол жеткізуге арналған QR-кодтар, сондай-ақ өндірістік үдерістің критикалық нүктелерін бейнемониторингтеу жүйелері бар.
Жоба пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға, қан компоненттерінің сапасын бақылауды күшейтуге және трансфузиялық терапия жүргізу кезінде медицина қызметкерлерін қолдау құралдарын кеңейтуге бағытталған.