2026 жылғы 13-14 мамыр күндері Қазан қаласында Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы – ИСЕСКО Бас конференциясының 15-ші сессиясы өтіп жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Іс-шара барысында қатысушылар ұйымның 2020–2025 жылдар аралығындағы қызметін қорытындылап, ИСЕСКО-ның 2026-2029 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын талқылады. Құжатта ұйымның алдағы кезеңдегі негізгі даму басымдықтары айқындалған.
Жиын аясында Түркістан қаласының 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылуы Қазақстан үшін маңызды мәдени бастамалардың бірі ретінде қаралды.
Конференцияда ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли соңғы жылдары Ислам әлемі мұралары тізіміне Қазақстаннан бірқатар құнды мәдени элементтер енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, «Тоғызқұмалақ» дәстүрлі ойыны, «Ою-өрнек» сәндік-қолданбалы өнер үлгісі және «Қармақшы жыраулары» ауызша поэзия дәстүрін сақтаған өнер мектебі.
Сонымен қатар қазақстандық тарап 2026 жылы Алматы қаласында әл-Фарабидің адамзат өркениетіне қосқан үлесіне арналған II халықаралық конференция өтетінін хабарлады. Іс-шара ИСЕСКО ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылады.
Айта кетейік, ИСЕСКО Бас конференциясы төрт жылда бір рет өткізіледі. Биылғы форум гибридті форматта өтіп, оған ұйымға мүше 53 мемлекеттің өкілдері қатысуда.