Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің түлегі Нұрбол Балтабайұлы қалалық инфрақұрылым қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді әзірлеумен айналысып келеді. Ол 2012 жылдан бері университет қабырғасында инженер, оқытушы, кафедра меңгерушісі және декан орынбасары қызметтерін атқарып, бүгінде телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласында мамандар даярлауға үлес қосуда, деп хабарлайды QazMonitor.
Ғалым электрондық технологиялар, микроэлектроника, компьютерлік желілер, байланыс жүйелері және модельдеу бағыттарында дәріс береді. Сонымен қатар қазіргі заманғы телекоммуникациялық технологиялар мен интеллектуалды мониторинг жүйелері бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізіп келеді.
Қазіргі уақытта Нұрбол Балтабайұлы «Ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын бақылайтын үйлестірілген сымсыз Wi-Fi жүйесін әзірлеу» (2025–2027 жж.) жобасына жетекшілік етеді. Сондай-ақ ол «Талшықты-оптикалық өткізгіш арқылы энергия мен ақпараттық параметрлерді бір мезгілде берудің жетілдірілген жүйесін әзірлеу» жобасының орындаушысы болып табылады.
Жобалар аясында ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарының техникалық жағдайын қашықтан бақылауға арналған энергия үнемдейтін таратылған сымсыз жүйе әзірленді. Бұл жүйе жоғары жылдамдықтағы деректерді беру алгоритмдеріне және автономды тораптардың энергия тұтынуын оңтайландыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық-техникалық шешімдерге негізделген.
Эксперименттік зерттеулер нәтижесінде апатты жағдайдағы конструкцияларды қашықтан бақылау кезінде деректер беру жылдамдығын сипаттайтын байланыс арнасының компьютерлік моделі жасалды. Сонымен қатар аппараттық кешеннің оңтайлы жұмыс параметрлері анықталды.
Мамандардың айтуынша, аталған технологиялар қалалық инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оларды енгізу ғимараттардағы апат қаупін азайтуға, инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, техникалық қызмет көрсету шығындарын қысқартуға және қалалардың табиғи-климаттық әсерлерге төзімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге зерттеу нәтижелері IoT саласындағы жаңа стартаптардың дамуына, телекоммуникация және сенсорлық жүйелердің ілгерілеуіне ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына негіз бола алады.