Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстандықтарға эбола вирусы таралған елдерге бармауға кеңес берілді

Қазақстандықтарға эбола вирусы таралған елдерге бармауға кеңес берілді

Қазақстанда ауру тіркелмегенімен, шекарадағы санитарлық бақылау күшейтілді

QazMonitor Logo
Gustavo Fring /pexels
Gustavo Fring /pexels

Қазақстандықтарға Эбола қызбасы тіркелген Африка елдеріне сапарлаудан бас тарту ұсынылды, деп хабарлайды QazMonitor.

Эбола қызбасы – негізінен Африка мемлекеттерінде кездесетін аса қауіпті вирустық инфекция. Аурудың көзі жұқтырған жануарлар мен науқас адамдар болып саналады. Вирус қан, биологиялық сұйықтықтар және ластанған заттар арқылы жұғады.

Аурудың инкубациялық кезеңі 2 күннен 21 күнге дейін созылады. Негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас пен бұлшықет ауруы, құсу, диарея, терідегі бөртпе және қан кету.

Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда елдерінде тіркелген Эбола қызбасының өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялаған. Аурудың таралуына Эбола вирусының сирек кездесетін Bundibugyo штаммы себеп болған.

Қазіргі таңда аталған штаммға қарсы арнайы вакцина да, нақты емдеу тәсілі де жоқ.

Сонымен қатар ДДҰ мен АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы бағалауынша, індеттің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне таралу қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Бұған ауру ошағы орналасқан өңірлермен тұрақты тікелей әуе қатынасының болмауы себеп.

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда Эбола қызбасы тіркелген жоқ. Соған қарамастан санитарлық-карантиндік бақылау шаралары күшейтілген.

Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде эндемиялық елдерден келетін азаматтарға қашықтықтан термометрия жүргізіліп, инфекцияның елге әкелінуінің алдын алу бойынша қосымша профилактикалық шаралар қабылдануда.

Мамандар Эбола тіркелген Африка елдеріне, әсіресе балалармен бірге, сапарлаудан бас тартуға кеңес береді. Сондай-ақ жабайы жануарлармен, оның ішінде приматтар мен жарқанаттармен байланыспау, инфекциялық ауру белгілері бар адамдардан алыс болу ұсынылады.

Бұдан бөлек, саяхат кезінде жабайы жануарлар сатылатын базарларға бармау, тек қауіпсіз ауыз су пайдалану, термиялық өңдеуден өткен тағамдарды тұтыну және жеке гигиена талаптарын сақтау қажет.

Дәрігерлер шетелден оралғаннан кейін 21 күн ішінде дене қызуы көтеріліп, бас ауруы, бөртпе, құсу немесе диарея сияқты белгілер байқалса, дереу медициналық көмекке жүгініп, шетелде болғаны туралы хабарлау керектігін ескертеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.