EXPO халықаралық көрме орталығында қазақстандық өндірушілердің жыл сайынғы IX «Ulttyq ónim – 2026» көрмесі басталды. Биылғы көрме осы уақытқа дейінгі ең ауқымды шаралардың бірі болды, деп хабарлайды QazMonitor.
Көрме алаңында Қазақстанның барлық өңірінен келген 600 тауар өндіруші өз өнімін ұсынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге жуық көп.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің үндеуін оқып берді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге және экономикалық әлеуетті нығайтуға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда», — делінген үндеуде.
Үкімет мәліметінше, 2025 жылы «Даму» қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге жуық 13 мың жоба мемлекеттік қолдау алды.
Жүзеге асырылған шаралар аясында 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталды.
«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев кәсіпкерлерді қаржыландыру мен қолдау құралдары кеңейтілгенін айтты. Оның сөзінше, өңірлерде бірыңғай фронт-кеңселер ашылып, шалғай аудандар үшін мобильді кеңселер іске қосылады.
Серік Жұманғарин көрмені аралап, түрлі өңірден келген кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Олардың қатарында павлодарлық «Феникс» жиһаз фабрикасы, Қарағанды облысындағы «WEC TRADE» компаниясы және TAZAU тазарту құрылыстары зауыты бар.
«Ulttyq ónim – 2026» көрмесі EXPO ХКО-да 24 мамырға дейін жалғасады. Көрме аясында B2B-кездесулер, панельдік сессиялар және шеберлік сабақтары өтеді.