1 маусым күні Алматы облысында шомылу маусымы ресми түрде басталады. Осыған байланысты жауапты органдар шомылуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті. Бұл аумақтарда қауіпсіздік талаптары толық сақталған, деп хабарлайды QazMonitor.
Атап айтқанда, су түбі зерттеліп, тазартылған, арнайы қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылған. Сонымен қатар құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылып, санитарлық және қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Мамандар тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға шақырады.
Әсіресе Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Өткен жылы №5 жағажай толық абаттандырылып, пайдалануға берілді. Онда футбол, волейбол және балалар ойын алаңдары, воркаут-аймақтар, фудкорттар, пирс, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар мен автотұрақ қарастырылған.
Қауіпсіздік мақсатында жағажай аумағында құтқару бекеттері, медициналық пункт және SOS батырмаларымен жабдықталған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Ал №6 және №7 коммуналдық жағажайларда абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Капшағай су қоймасы жағалауында орналасқан жекеменшік демалыс аймақтары мен ойын-сауық кешендері де туристер мен тұрғындарға қызмет көрсетеді. Олардың қатарында «Delmare», «На море», «Home Club», «Comfort» және өзге де демалыс орындары бар.
Сондай-ақ Іле ауданындағы «Первомайские пруды» мен Талғар ауданындағы «Park Resort Восемь озер» кешендерінде де демалушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалған.
Мамандар рұқсат етілмеген орындарда, ағысы қатты аймақтарда және шағын кемелерге жақын маңда шомылуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Себебі мұндай аумақтар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шомылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Прокуратура, полиция және көлік инспекциясының қатысуымен, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы тұрақты рейдтер ұйымдастырылуда.