Астана полициясы арнайы дрон арқылы жүргізілген мониторинг барысында Айтматов көшесінде топырақ ұрланып жатқанын анықтады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау камералары жоқ тұстарда құқық бұзушылықтарды анықтау үшін елордалық полиция дрондар мен қалалық ортаны бақылайтын өзге де заманауи технологиялар қолданады.
Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану жүйесі арқылы екі жүк көлігі анықталды. Ақпарат жедел түрде полиция қызметкерлеріне жолданды. Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерін анықтап, оларды жауапқа тартты. Жүк көліктері коммуналдық тұраққа қойылды.
Аталған дерек тіркеліп, материалдар Астана қаласының Экология департаментіне жолданды.