Темір аудандық көркемсурет мектебінің тәрбиеленушісі, 6-сынып оқушысы Жансая Қуаныш қайта өңделген қатты тұрмыстық қалдықтарды пайдалана отырып, ұлттық стильдегі қазақ қызының бейнесін жасап шығарды, деп хабарланады Ақтөбе облысының сайтында.
Жас шебердің айтуынша, жұмысты дайындауға бір жарым айға жуық уақыт кеткен. Процесс барысында түрлі тұрмыстық қалдықтар пайдаланылып, олардан қазақ халқының ұлттық болмысын көрсететін көркем композиция құрастырылған.
Жоба қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, қалдықтарды сұрыптап жинау мен қайта өңдеуді танымал етуге, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеуге бағытталған. Мектеп оқушысының шығармашылық жұмысы экологиялық жауапкершілік пен өнердің үйлесімді бірлігін айқын көрсетеді.