ARTE француз-неміс телеарнасы Байқоңыр ғарыш айлағының тарихи мұрасы мен бүгінгі дамуына арналған деректі фильмді ұсынды. Бұл туралы Қазақтуризм хабарлады.
Фильмде ғарыш айлағының тарихы, әлемдік ғарыш саласының дамуына қосқан үлесі және қазіргі трансформациясы баяндалады. Инженерлер, ғарышкерлер мен сарапшылардың сұхбаттары арқылы Байқоңырдың бүгінгі келбеті және оның болашағы, яғни технологиялық әрі туристік орталық ретіндегі даму бағыты көрсетіледі.
Сонымен қатар жоба Байқоңырдың бірегей мұрасын және оның келешек ұрпақ үшін маңызын айқындайды.
Түсірілім тобы еліміздің негізгі өңірлерінде ауқымды жұмыс жүргізіп, Астана, Алматы, Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Төретам кентіндегі ғарыш инфрақұрылымының негізгі нысандары мен туристік локацияларды қамтыды.
Фильмнің толық нұсқасын arte.tv ресми платформасынан көруге болады.