Атырауда жалпы аумағы 4 гектарды құрайтын жаңа орталық саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Демалыс орны өңірдің тарихы мен мәдениетін дәріптейтін сәулеттік шешімдерімен ерекшеленеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Саябақта өңірдің еңбек адамдарына құрмет ретінде мұнайшылар мен балықшыларға арналған монументтер орнатылған. Ал Жайықтың символы саналатын бекіре бейнесіндегі субұрқақ оның басты көрнекі нысандарының біріне айналмақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, саябаққа барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Қазір балалар ойын алаңдарын орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа демалыс аймағында балалар мен ересектерге арналған спорт алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар саябақ аумағына бес субұрқақ орнатылған.
Саябақтың тағы бір ерекшелігі – қазақ халқы үшін киелі саналатын киік мүсіндерінің қойылуы. Бұл ұлттық құндылықтарды дәріптеп, табиғатқа деген құрметті насихаттауға бағытталған.
Заманауи инфрақұрылым мен ұлттық нақыш үйлесім тапқан жаңа орталық саябақ пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп күтілуде.
