Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан мен Түрікменстан сауда байланысын жаңа деңгейге көтермек

Қазақстан мен Түрікменстан сауда байланысын жаңа деңгейге көтермек

Экспорт, логистика және электрондық коммерция салаларындағы ынтымақтастық туралы бірқатар құжатқа қол қойылды

QazMonitor Logo
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Астанада Қазақстан – Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының XIV отырысы аясында Қазақстан –Түрікменстан бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастықтарының және салалық ұйымдарының өкілдері қатысып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өзара сауда көлемін ұлғайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды QazMonitor.

Соңғы бес жылда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымы екі еседен астам өсіп, 530 млн АҚШ долларынан асты. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты шамамен 50%-ға артып, 316,3 млн АҚШ долларына жетсе, импорт көлемі бес есеге ұлғайып, 215,8 млн АҚШ долларын құрады.

Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 180 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті. Ал Қазақстанның Түрікменстанға экспорты 18,9%-ға артып, 114,8 млн АҚШ долларына жетті.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, Қазақстан экспорттық әлеуеті 200 млн АҚШ долларынан асатын шикізаттық емес 178 тауар позициясын ұсынуға дайын. Экспортты ұлғайтудың негізгі әлеуеті металлургия, машина жасау, тамақ, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, фармацевтика, көлік құралдарын өндіру және құрылыс материалдары салаларында шоғырланған.

Форум барысында өзара сауда үйлерін құру, цифрлық сауданы дамыту, тауар айналымын арттыру жөніндегі жол картасын келісу және сауданы қаржыландыру тетіктерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және саудадағы кедергілерді жою бағытындағы бастамалар талқыланды.

«QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров агроөнеркәсіптік кешен, тоқыма өнеркәсібі, энергетика, көлік және логистика салаларында ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді және көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту екі ел бизнесіне жаңа мүмкіндіктер ашады.

Форум қорытындысында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Түрікменстан Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Бұдан бөлек, «Silk Way Asia Trade» ЖШС мен «Hazar Logistik» шаруашылық қоғамы, сондай-ақ «Gamma» жеке кәсіпорны арасында электрондық коммерция саласындағы келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар «Ashra Solutions» ЖШС мен «Ojar Aziýa» жеке кәсіпорны инвестициялық-құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

«QazTrade» АҚ экспортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры Айнұр Әмірбекованың айтуынша, форумның басты ерекшелігі B2B форматындағы кездесулер болды. Іс-шараға Қазақстаннан 100-ден астам, ал Түрікменстаннан 40-тан астам компания қатысып, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.