Елорда күніне және «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында 5 шілдеде Астанада SARYARQA RUN жаппай жүгіру жарысы өтеді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып QazMonitor хабарлайды.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, халықтың дене белсенділігін арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жүгіру жарысы «Ырыскелді қажы» мешітінің аумағында (Ермек Серкебаев көшесі, 2) ұйымдастырылады. Старт 5 шілде күні сағат 08:00-де беріледі.
Қатысушылар 7,6 шақырым және 4 шақырым қашықтық бойынша бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бағыт «Ырыскелді қажы» мешітінен басталып, Кенесары хан ескерткішіне дейін жалғасады. Сол жерден қатысушылар кері бұрылып, бастапқы нүктеге қайта оралады.
Жарыс кезінде автокөлік қозғалысына шектеу қойылмайды.
Жарысқа қатысу тегін. Ол үшін алдын ала онлайн тіркеуден өту қажет. Тіркеу 2 шілде күні сағат 09:00-де reg.elordasport.kz сайтында ашылады.
Қатысушылар саны 1800 адаммен шектелген. Белгіленген лимитке жеткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жабылады.
Тіркелген қатысушыларға арнайы білезіктер жарыс өтетін күні, 5 шілдеде сағат 06:00-07:30 аралығында беріледі.