Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Энергетика министрлігі: Батыстағы автогаз кезектері уақытша логистикалық қиындықтардан туындады

Энергетика министрлігі: Батыстағы автогаз кезектері уақытша логистикалық қиындықтардан туындады

QazMonitor Logo
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Қазақстанда сұйытылған мұнай газының (автогаз) тапшылығы тіркелген жоқ. Ал өткен аптада Батыс Қазақстанның бірқатар өңіріндегі автогаз құю станцияларында байқалған кезектер отынды жеткізуге байланысты уақытша логистикалық қиындықтардан туындаған. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның айтуынша, еліміздегі барлық газ өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Министрлік айдың басында өңірлерге қажетті сұйытылған мұнай газының барлық көлемін бөліп берген.

«Министрлік айдың басынан бастап өңірлерге қажетті барлық көлемді бөлді. Қосымша газ өндіру мүмкіндігі болған жағдайда, оны да өңірлерге үлестіреміз. Қазіргі таңда өңірлерде қандай да бір тапшылық жоқ», – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Вице-министрдің сөзінше, Батыс өңірлердегі кезектер газ көлемінің жетіспеуінен емес, оны тасымалдау және жеткізу кезіндегі уақытша қиындықтардан болған.

«Министрлік қажетті көлемнің барлығын уақытылы бөлді. Ол жақтағы мәселе сұйытылған мұнай газын тасымалдау мен жеткізуге байланысты болды. Белгілі бір қорлану орын алды. Қазір бұл мәселелердің барлығы шешілді. Өңірлерде ешқандай тапшылық жоқ», – деді ол.

Қайырхан Тұтқышбаев Энергетика министрлігі әкімдіктермен және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын айтты.

«Мұндай жайттар кейде болады, бірақ біз оларды барынша алдын ала шешуге тырысамыз», – деп толықтырды вице-министр.

Сондай-ақ ол Ресейдегі Омбы мұнай өңдеу зауытының ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін жұмысының тоқтауы Қазақстанның жанармай нарығына қауіп төндірмейтінін жеткізді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.