Алматының индустриялық аймағында биыл жалпы құны 12,6 млрд теңгені құрайтын 11 жаңа инвестициялық жоба іске қосылады. Соның нәтижесінде 691 жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды QazMonitor.
Іске қосылатын 11 жобаның алтауы өнеркәсіп саласына тиесілі. Олардың қатарында жылу және су жүйелеріне арналған жабдықтар өндірісін кеңейту, Euro Truck Service логистикалық кешенін салу, ПВХ парақтарын шығаратын кәсіпорын ашу, газоблоктар мен ALC-панельдер өндірісін іске қосу, тұрмыстық қағаз өнімдерін шығаратын зауыт және металл жол-көпір конструкцияларын өндіретін кәсіпорын бар.ндустриялық аймақта шағын және орта бизнесті қолдауға арналған инфрақұрылым да дамып келеді. Биыл жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асатын бес жаңа шағын өнеркәсіптік паркті іске қосу жоспарланған. Бұл тағы 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға және өндірістік кәсіпорындарды орналастыру мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Индустриялық аймақты кеңейтудің үшінші кезеңі де басталмақ. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі осы жобаны пысықтап жатыр. Жоспарға сәйкес, индустриялық аймақтың аумағы тағы 376 гектарға ұлғаяды. Қазірдің өзінде жалпы аумағы 323 гектар болатын жер учаскесі сатып алынған.
Алдағы уақытта индустриялық аймақты жоғары технологиялық өнеркәсіптің жетекші орталықтарының біріне айналдыру көзделген. Негізгі басымдықтар қатарында жоғары қосылған құны бар жобаларды тарту, машина жасау, электроника және химия өнеркәсібін дамыту, жаңа буын құрылыс материалдарын өндіру, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу бар.