Қазақстанда AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер жасанды интеллект негізінде 442 қолданбалы жоба әзірледі. Бүгінде олар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы, өнеркәсіп және басқа да салалардағы нақты міндеттерді шешуге арналған цифрлық өнімдерді жасап жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Бағдарламаның екінші кезеңіне еліміздің 105 жоғары оқу орнынан 87 мыңнан астам студент пен 1,5 мыңнан астам куратор қатысып жатыр. Осы уақыт ішінде қатысушылар ұлттық компаниялар мен экономиканың басым секторлары үшін жасанды интеллектке негізделген жүздеген шешім әзірлеген.
Жобалардың ең көп бөлігі білім беру саласына тиесілі. Қазіргі таңда оқыту сапасын арттыруға, білім беру процесін дараландыруға және әкімшілік рәсімдерді автоматтандыруға арналған 188 AI-шешім әзірленген. Бұл жоғары оқу орындарының тек кадр даярлайтын емес, технологиялық өнім жасайтын орталықтарға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Бағдарламаның табысты жобаларының қатарында қазірдің өзінде тәжірибеде қолданылып жүрген әзірлемелер де бар. Солардың бірі – Ұлттық тестілеу орталығы жасаған AI-Talapker чат-боты. Ол ҰБТ мен жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша кеңес береді. Жүйе бүгінге дейін 69 мыңнан астам өтінішті өңдеп, талапкерлерге ақпарат алуды жеңілдеткен.
Ал Satbayev University әзірлеген AI-прокторинг жүйесі онлайн тестілеудің ашықтығы мен академиялық адалдығын қамтамасыз етеді. Бұл шешім Қазақстаннан тыс жерлерде де енгізіліп, оны пайдаланушылар саны 180 мыңнан асты.
AlmaU университетінде іске қосылған OquLabs платформасы тапсырмаларды автоматты түрде тексеруге, білім алушылардың үлгерімін бақылауға және оқу нәтижелерін талдауға мүмкіндік береді. Қазір бұл жүйе бірнеше орта білім беру ұйымында қолданылып жатыр.
Бағдарламаның келесі кезеңінде университеттерде әртүрлі интеллектуалды жүйелерді біріктіретін мультиагенттік платформалар дамытылады. Осындай жобалар Қарағанды индустриялық университетінде, Қостанай өңірлік университетінде және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерде пайдалану бағыты да дамып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми жобаларға берілетін өтінімдерді автоматты түрде тексеретін жүйе мен Ұлттық ғылыми кеңес мүшелеріне арналған AI-көмекші әзірленуде.
Бағдарлама ұйымдастырушыларының мәліметінше, жобалардың басым бөлігін студенттер өздері әзірлеп жатыр. Бұл олардың жасанды интеллект технологияларын меңгеріп қана қоймай, нақты салалық міндеттерді шешу тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта үздік жобалар акселерациялық бағдарламалардан өтіп, инвестиция тартып, дербес технологиялық өнім ретінде нарыққа шығарылады. AI-Sana бағдарламасы Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастырып, технологиялық кәсіпкерліктің дамуына негіз қалауды мақсат етеді.