Тарихи нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимарат 1917 жылы болған өрттен кейін толықтай дерлік қирап, тек қабырғалары сақталған. Қала тұрғындарының қолдауымен бір ай ішінде қалпына келтіріліп, 1918 жылғы 18 қаңтарда қайта пайдалануға берілген, деп хабарлайды QazMonitor.
1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Семейде зооветеринарлық институт ашылып, оқу орнына осы үш қабатты ғимарат берілген. Алайда 1986 жылы тағы бір өрт шығып, нысанның негізгі қабырғалары ғана қалған.
Жоба аясында ғимараттың тарихи келбеті толық сақталып, заманауи талаптарға сай көпфункционалды кешенге айналдырылады. Нысан қонақүй-мейрамхана және әкімшілік-коммерциялық бағыттағы екі блоктан тұрады.
Жоба жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі – 5 млрд теңге. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 150 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Абай облысында тарихи ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Былтыр желтоқсан айында 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған тарихи ғимарат қайта жаңғыртылып, «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй кешені ретінде пайдалануға берілген.