Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Риддер тұрғыны 19 ғасырға тиесілі сирек револьверді полицияға тапсырды

Риддер тұрғыны 19 ғасырға тиесілі сирек револьверді полицияға тапсырды

Громотуха өзенінің маңынан табылған Лефоше жүйесіндегі қарудың тарихи құндылығы сараптама барысында расталды

QazMonitor Logo
Фото: ҚР ІІМ
Фото: ҚР ІІМ

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының тұрғыны XIX ғасырдың соңына тиесілі сирек кездесетін атыс қаруын тауып, оны ерікті түрде полицияға тапсырды. Сараптама нәтижесінде табылған жәдігердің Лефоше жүйесіндегі 8 мм калибрлі револьвер екені анықталды.

Громотуха өзенінің маңындағы қарапайым серуен 43 жастағы Риддер тұрғыны үшін күтпеген олжамен аяқталды. Ер адам темір сынығы емес, ғасырлық тарихы бар сирек кездесетін атыс қаруын тауып алған.

Қаруды тіркеусіз сақтаудың заңға қайшы екенін түсінген тұрғын табылған затты өзінде қалдырмай, Риддер қалалық полиция бөліміне хабарласқан. Ол револьверді заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру жөніндегі республикалық акция аясында тәртіп сақшыларына өткізді.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасы жүргізген сараптама нәтижесінде қарудың XIX ғасырдың соңында кең таралған Лефоше жүйесіндегі 8 мм калибрлі револьвер екені белгілі болды.

– Лефоше жүйесіндегі револьверлер – XIX ғасырдың соңындағы аңызға айналған қарулардың бірі. Штаттық оқ-дәрілердің болмауына байланысты оның атысқа жарамдылығын анықтау мүмкін болмады. Дегенмен сарапшылар қарудың зауытта өндірілгенін және тарихи құндылығы бар екенін растады. Бұл – өткен дәуірдің сирек жәдігерінің құқық қорғау органдарына дер кезінде тапсырылған ерекше жағдайлардың бірі, – деп атап өтті криминалистер.

Қазіргі уақытта тарихи жәдігер тиісті есепке алынды.

Полиция заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл – заң талаптарын сақтап, өз қауіпсіздігіңіз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең дұрыс жолы.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.