Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған «Экономикалық құқықбұзушылықтарды тергеу» микробіліктілік бағдарламасын табысты жүзеге асырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп әзірленген жоба жоғары оқу орны мен жұмыс беруші арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, білім алушыларға қысқа мерзім ішінде тәжірибеге бағдарланған кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Биыл бағдарламаны тәмамдаған алғашқы 10 түлекке микробіліктілік сертификаттары табысталды.
«Бағдарлама теориялық білім мен практикалық даярлықты ұштастырады. Түлектер дипломмен қатар микробіліктілікті меңгергенін растайтын сертификаттарға ие болды. Нәтижесінде олардың сегізі Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жұмысқа қабылданса, тағы екеуі кадр резервіне енгізілді», – деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров.
Студенттер 15 апта бойы теориялық және практикалық даярлықтан өтті. Теориялық сабақтарды университет оқытушылары жүргізсе, практикалық оқытуды Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары ұйымдастырды. Қазір бағдарлама түлектері Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарындағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің құрылымдық бөлімшелерінде қызмет атқарып жатыр.
Қазіргі уақытта университет микробіліктілік бағдарламаларының аясын кеңейтіп келеді. Бүгінде 21 студент «Бастауыш мектептегі шахмат» бағдарламасы бойынша білім алуда. Ал қыркүйек айынан бастап 34 студент «1С: Бухгалтерлік есеп практикасы» бағдарламасын меңгеруге кіріседі.
Университеттің мәліметінше, микробіліктілік бағдарламаларын дамыту жоғары білімнің практикалық бағыттылығын күшейтіп, еңбек нарығының заманауи талаптарына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың тиімді тетіктерінің бірі саналады.
2025–2026 оқу жылында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін 1 678 бакалавр мен 257 магистр тәмамдады. Университеттің мәліметінше, 2025 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 85%-ды құрады.