Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Алматыдағы Республика алаңы толық жаңартылды

Алматыдағы Республика алаңы толық жаңартылды

Лондондық жоба бойынша қайта жасақталған қоғамдық кеңістікте жаңа субұрқақтар, амфитеатрлар, веложолдар және 80 мыңнан астам өсімдік пайда болды

QazMonitor Logo
Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыдағы Республика алаңын кешенді жаңғырту жұмыстары аяқталды. Лондонның LDA Design бюросы әзірлеген жоба аясында инженерлік желілер толық жаңартылып, жаңа демалыс аймақтары, амфитеатрлар, веложолдар мен сәндік су айдындары салынды. Жаңартылған қоғамдық кеңістікті қала әкімі Дархан Сатыбалды аралап көрді, деп хабарлайды QazMonitor Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абаттандыру жұмыстары 4,5 гектар аумақты қамтыды. Жоба жаяу жүргіншілерге қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Жаңғырту барысында қоғамдық кеңістіктің жабындары толық ауыстырылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі жаңартылды. Әкімдіктің мәліметінше, пайдаланылған материалдардың қызмет ету мерзімі 10 жылдан асады.

Алаңда 233 ірі ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдік отырғызылды. Сонымен қатар көгалдар төселіп, кешкі уақытта жасыл желекті жарықтандыратын сәулеттік шамдар орнатылды. Жалпы аумақта 129 жаңа жарық шамы іске қосылды.

Қоғамдық кеңістікте балалар ойын алаңдары, демалыс орындары, серуендеу бағыттары және екі амфитеатр салынды. Сондай-ақ Сәтбаев көшесі бойындағы бірыңғай велосипед маршрутының бір бөлігі болатын веложолдар пайдалануға берілді. Аумағына орындықтар, қоқыс жәшіктері, велосипед тұрақтары және басқа да 500-ден астам абаттандыру элементі орнатылды.

Жаңартылған алаңның басты ерекшелігінің бірі – сегіз сәндік су айдыны. Бұған қоса бұрынғы субұрқақтар толық жөнделіп, жаңа субұрқақ кешендері салынды.

Сәтбаев көшесінде жаңа қоғамдық көлік аялдамасы ашылып, қосымша бағдаршамдар мен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері ұйымдастырылды. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта да жасалды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі Орталық мәдениет және демалыс саябағын жаңғырту тұжырымдамасын әзірлейтінін хабарлаған болатын. Сонымен қатар қалада ауданы 27 гектардан асатын Almaty Water Garden көпфункционалды демалыс және мәдениет кешенін салу жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.